12 Ақпан, 2015

Қиыншылық халықтың есебінен шешілмейді

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
  10965217_870628026358004_2042450796_oӘлемдік геосаясат құбылып тұр. Қаржы нарығында да тұрақтылық байқалмайды. Мұнай бағасы арзандап, жаһан беймаза күй кеше бастады. Дағдарыс екі өкпеден қысып, дүниенің даму жолын басқа арнаға қарай бұрып жіберді. Осындай сын сағатында мемлекеттің мықтылығы сыналмақ. Сондықтан, алда болатын қиындықтарға бүгіннен қам жасап, нақты қадамдарға бармаса болмайды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы елдегі келелі мәселелерді қозғады. Қиын-қыстау кезеңде бос ысырапшылдыққа бармай, халықты тарықтырып алмай, қайта бұдан пайдамен шығу керектігін айтты. Биылғы республикалық бюджеттің он пайызға қысқаруы дағдарысты еңсеруге жасалған алғашқы қадам деп білеміз. Себебі, қазынаның қаржысын есеппен жаратып, қажетті проблемаларды шешуге жұмсамаса, онда ертең бармақ тістеп қалуымыз мүмкін. Сондықтан бюджеттен бөлінетін әрбір теңгені мақсатты түрде шығындау қажет. «Дегенмен, мемлекеттің халық алдында мойнына алған әлеуметтік жауапкершілігі өз көлемінде өтелуі керек»,– деді Елбасы. Бұл мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмектер қысқармайды, бұрынғы көлемде төлене береді деген сөз. Мемлекет басшысы бұған дейін дағдарыс кезіндегі қиыншылық халықтың есебінен шешілмейтінін айтқан. Кешегі Үкіметке берген тапсырмасы сол сөздің орындалуы еді. Білім беру, денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржының да көлемі қысқармайды. Қайта «Балапан» бағдарламасын одан әрі жалғастыру тапсырылды. Халықтың денсаулығы мен біліміне құйылған қаржы, мемлекеттің болашақтағы экономикалық ахуалын қалыптастырмақ. Сол себепті, Елбасы бұл тарапта басталған жұмыстардың жалғасу керектігін ескертті. Дағдарыс кезінде жаңа жобалардың басталмайтыны белгілі. Дей тұрғанмен, бұған дейін қолға алынған жұмыстың бәрі аяқталады. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасап, Ұлттық қордан қажетті қаржыны беріп отыр. Осы ретте, Елбасы қаржыны оңтайлы жұмсауды, әрбір тиынның есепте болуын, оны қатаң қадағалауды тапсырды. – Тікелей менің бастамаммен құрылған комиссия қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қадағалап, барлық нәтижені өзіме баяндап отыратын болады. Әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» партиясы да бұл іске белсене араласып, партиялық қадағалау орнатуы керек. Ешқандай артық шығын болмауы қажет. Бюджеттің есебінен жасалатын мерейтойлар мен түрлі шараларды қысқартуды Үкіметке тапсырамын, – деді Елбасы. Кеңейтілген кеңес барысында Мемлекет басшысы болашақ бағытымызды, атқаратын нақты жұмыстар мен міндеттерді айқындап берді. Жасалған бағдарлама бар. Оны іске асыратын қаржы да жеткілікті. Енді әрбір қазақстандық азаматтың ортақ іске жұмылып, жанашырлықпен жұмыс істеуі ғана қалып тұр. Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. ҚЫЗЫЛОРДА.